«Мектептің жүрегі – мұғалім!» мерекелік іс-шара
АҚПАРАТ
2025 жылдың 2 қазан күні Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы №49 орта мектебінде ұстаздар күніне арналған «Мектептің жүрегі – мұғалім!» атты салтанатты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өткізілді.
Бұл мерекенің басты мақсаты – ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұстаз еңбегінің қадірін арттыру, ұстаздық мамандықтың маңыздылығын дәріптеу, білім ордасының жүрегі саналатын мұғалімдерге құрмет көрсету болды.
Іс-шараның шымылдығы 10–11 сынып оқушыларының жүргізуімен ашылып, жылы лебіздер мен жүрекжарды тілектерге толы кеш өз жалғасын тапты. Оқушылар ұстаздарға арналған әсерлі өлеңдер оқып, жүрек тебірентерлік әндер шырқап, түрлі сахналық көріністер қойды. «Ұстаз – ұлы есім», «Ұстаз жолы – ұлы жол», «Бір күн мұғалім болсақ…» атты көріністер арқылы шәкірттер ұстаз еңбегінің жауапкершілігін сезініп, ұстаз болу – үлкен абырой мен парасаттылықты қажет ететін мамандық екенін айшықтап көрсетті.
Мерекелік концерт барысында мектеп директоры Кыстаубаева Камшат Болатканкызы ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, ұжым мүшелеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс пен еңбектеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ мектеп кәсіподақ ұйымының төрайымы Төлебаева Ардақ Нұрбекқызы ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, ұзақ жылғы еңбегі мен шәкірт тәрбиелеудегі жетістіктерін атап өтті.
Кеш барысында оқушылардың орындауында «Ұстазым» әні шырқалып, мың бұралған би биленді, әзіл-пародиялар көрсетілді. Оқушылар ұстаздарға арнау өлеңдер мен монологтар орындап, ұстаз еңбегіне деген шексіз құрметтерін паш етті.
Іс-шараның мазмұны бай, тәрбиелік мәні жоғары болды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың дайындығы ерекше көзге түсіп, мерекелік кештің әр сәті әсерлі, көңілге қонымды өтті. Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы оқушылардың өнері мен ізгі тілектеріне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Мұндай мазмұнды шаралар – жас ұрпақ бойында ұстазға деген құрмет сезімін қалыптастырып, педагог мамандығының абыройын арттыруға бағытталған тамаша дәстүрдің жалғасы болып табылады
https://www.instagram.com/reel/DPYcYhajMXd/?igsh=MWUxZDBvbnFqYm9lbg==
Ұстаз ұйымдастырушы М Рысбекова